Қандай әрекет вандализм деп есептеледі және оның жазасы қандай?

Вандализм — өнер, мәдениет туындысын, тарихи ескерткіштерді, молалар мен діни ғимараттарды, табиғат нысандарын, қоғам мен мемлекет меншігіндегі басқа да мүлікті қасақана қирату. Мұндай нысандардың сыртына таңба, сурет салу, шимайлау, лас нәрсе жағу, қайтыс болған адамның сүйегін қорлау да вандализмге жатады.




Егер адам тарих, мәдениет ескерткіштерін, табиғи кешендерді, мемлекет қорғауға алған нысандарды, тарихи, ғылыми, көркемдік, мәдени құндылығы бар заттарды және құжаттарды қасақана жойса немесе бүлдірсе, қылмыстық іс қозғалады. Қылмыстық кодекстің 203-бабы («Ерекше құндылығы бар заттарды қасақана жою, әкету немесе бүлдіру») бойынша үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін. Аталған санатқа жататын нысанды өртеген, жарған, біреулердің денсаулығына зиян келтірген, қасақана әрекетін әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк, дiни араздықпен жасаған адам бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Әрекетінен кісі өлсе, жеті жылдан 12 жылға дейiнгi мерзiмде түрмеде отырады.  

Қылмыстық кодекстің 314-бабы («Өлген адамдардың мәйiттерiн және олар жерленген жерлердi қорлау») бойынша қайтыс болған адамның сүйегін қорлаған немесе моланы, құлпытасты не зиярат ету орындарын қиратқан адамға 3 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде (2020 жылы 8 334 000 теңге) айыппұл салынады. Осы мөлшерде түзеу жұмысына немесе 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа жегілуі де мүмкін, тіпті үш жылға дейін бас бостандығын шектеу не одан айыру жазасы беріледі.

Вандализмді адам:

  • бірнеше рет;
  • топ болып;
  • ұлттық, нәсiлдiк, дiни өшпенділiкпен;
  • күш қолданып не қорқытып

жасаса, 5 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (2020 жылы 13 890 000 теңге) айыппұл төлейді немесе түзеу жұмысына не 1 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа салынады, бес жылға дейін бас бостандығы шектелуі не одан айырылуы да мүмкін.

Мұндай әрекетті кәмелетке толмаған адам жасаса, оның ата-анасы немесе қамқоршысы Әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы кодекс бойынша жауап береді — 448-бап, «Кәмелетке толмағандардың вандализмі». Жазасы — 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеу, 2020 жылы ол — 41 670 теңге.


29/10/2020 14:21 8184 0

29/10/2020
14:21 8184 0

Поделиться

Нет комментариев.

Уведомление